ОҚО бас дәрігері «показуха» үшін жүрген қызметкерлерін жұмыстан қуып жатыр

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы «показуха» үшін жұмыс істейтін қызметкерлерін шетінен жұмыстан қуып жатыр. Одан өзге бас дәрігер медициналық колледж бітіріп шыққан түлектер базар жағалап кете ме деп те алаңдап отыр. Бұл туралы ол өңірдегі NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

Мұқан Кеңесбекұлы. Фото: nur.kz

- Мұқан Кеңесбекұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! Алғашқы сұрақ, денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарыңызға қысқаша тоқталып өтсеңіз...
- Биылғы жыл біз үшін өте жемісті болғалы тұр. Бұған дейін өңірімізде ана өлімі мәселесі өзекті болып табылатын. Тіпті саны жағынан республика бойынша көш бастап тұр едік. Алғашқы бес айдың қорытындысы бойынша оның саны 50 пайызға кеміді. Бала өлімі 18%, онкологиялық аурулардан келетін өлім-жітім 16%, ал туберкулез дертінен келетін өлім саны 21%-ға азайды.
Әрине, мұның бәрі қажырлы еңбектің арқасы. Мемлекет тарапы да жыл сайын медицина саласына ерекше назар аударып келеді. Біз бірінші кезекте мамандарға назар аударып жатырмыз. Жүргізілген тексеру нәтижесінде аудандар медбикелер мен тазалықшы мамандарымен 100% қамтылған болып шықты. Яғни, бізде орта білімді мамандарға сұраныс жоқ.
Бір ғана біздің облыста 18 медициналық колледж шәкірт оқытады екен. Жыл сайында онда 7,5 мың түлек қолына диплом алады. Ертең бітірген соң олар қайда барады? Кәдімгідей «социальный взрыв» болайын деп тұр.
Есіңізде ме 90-шы жылдары көбі балаларын заңгер немесе экономист болсын  деп оқуға түсірді. Оның барлығына бірдей жұмыс қайдан болсын? Базарда «тәшкі» тасып кеткендер болды. Егер тура осылай кете берсе, ертең диплом алған медицина мамандарының да екі қолға бір күрек таппай кету қаупі бар.
Сондықтан да бұл бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деп ойлаймын. Дәрігерлерге келсем, ересектер мен балалар реаниматологы, неанотолог, патологиялық анатомик, лаборант мамандары жетпейді.
- Ал жедел жәрдем көлігі ше? Шақырту қабылдаған дәрігерлердің науқас үйіне жету уақытына қатысты көп сын айтылады...
- Мойындау керек, республика бойынша біздің өңірде жедел жәрдем көлігі тапшы. Қазіргі таңда біздің мекемелер 74% көлікпен қамтылған. Оның ішінде тозығы жеткені қаншама. Себебі талапқа сай жедел жәрдем көлігі үш жылдан соң жаңасына ауыстырылу керек болса, біздікілер 7-8 жылға дейін қызмет көрсетіп келеді. Бізге енді техниканы көбейту жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін министрлікке шығуымыз шарт. Себебі, көлікті алып қана қоймай, ондағы бригадаларды қаржыландыру тағы бар.
Жедел жәрдем қызметіне қатысты халықтың сынын дұрыс қабылдаймын. Қай жерде жедел жәрдем қызметіне қатысты кемшілік көп? Қай ауданға кешігіп барады? Осыларды саралай келе жаңа бекеттер салуды жоспарлап отырмыз.
Біреу маған келіп «медицина нысанын салып ал» деп ақша бере салмайды ғой. Халық та үкімет қашан қаржы аударады екен деп күтіп отырмайды. Тығырықтан барынша тез шығуға тырысып-ақ жатырмыз.
- Сол көліктерді өзге мақсатқа пайдаланып жататындар да бар ғой... Мәселен, былтыр сарыағаштық ақ халаттылар табиғат аясында серуенге шықса, осыдан бірнеше жыл бұрын ордабасылық дәрігерлер тойға барған болатын...
- Бұл жағдайлар мен басшылыққа келгенге дейін орын алған ғой, жауаптылар тиісті жазаларын алған. Алдағы уақытта мұндай олқылықтың орын алмауын қадағалап отыратын боламыз. Бастысы, тәртіп қой...
- Былтыр сарыағаштық дәрігерлердің бірнеше жүкті әйелді бір ғана жедел жәрдем көлігіне топырлатып салып Шымкентке әкелуі де жұрттың ашуын келтіріп еді. Бұл мәселе қашан шешімін табады?
- Перзентхана салу үшін жер бөлінді, енді жобасын жасату керек. Қаржысы да қарастырылады. Негізі ол жаққа перинаталдық орталық міндетті түрде қажет. Себебі арғы жағындағы Мақтарал, Шардарадан да науқастар келер еді. Тек қана Сарыағаш емес, облыс орталығы Шымкентте де емхана жетіспеушілігі бар. Барлығына бірдей қаржы жоқ қой. Оны да жәймен шешіп жатырмыз.
- Демек сарыағаштық келіншектер қашан қаржы бөлініп, нысан салынғанынша сол «азапқа» көне тұруы керек қой. Солай ма?
- Сіз айтқан жағдайда «организационный» кемшіліктер орын алған. Ондай проблема Мақтарал ауданында да бар, халық көп, үш жүз мыңнан асады. Ол жақтан да науқастарды мамандарға қарату үшін Шымкентке  алып келеді. Күні кеше мен мәслихат отырысында бұл мәселені көтердім.
- Медицина мамандары науқастың жағдайынан гөрі қағаз толтыруға қамданып кетеді деп шағымданатындарды жиі естиміз. Бұған қашан тоқтау болады?
- Қағаз көп толтыратынымыз рас. Себебі талап сондай. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бекітілген жаңа жүйеге көшіп жатырмыз. Онда барлығы компьютерде сақталады. Тіпті науқас тапсырған анализ қорытындысына дейін. Бұрынғыдай қағаз тасып жүрмейді ешкім. 2019 жылдан бастап науқас тарихына дейін барлығы электронды жүйеге көшеді.
- Ал түнгі сағат екі-үшке дейін қалып, осы жүйеге мәлімет енгізіп отырған медбикелердің жағдайы қалай болмақ?
- Олар сол жұмысты қызмет уақыты кезінде орындауы қажет. Өздері компьютерлік сауаттылықтары болмағандықтан қолмен жазып, кейін жұмыстан қалып электронды базаға енгізеді. Мен облыстағы барлық медицина мекеме басшыларына қызметкерлеріңе компьютерлік сауаттылыққа үйретіңдер деп 2 ай мерзім бердім.
- Шымкенттегі амбулаторлы-травмотологиялық орталықта белең алған «көлеңкелі бизнес» туралы хабарыңыз бар шығар?..
- Ол жерді өзім барып көрдім, тексердім. Кемшіліктер бар, олардың не істеп жатқандарын сырттарынан білемін. Қолмен ұстап алмаған соң комиссия да жібердім. Бас дәрігерін шақырып алып ескерту де жасадым. Түзету керекпіз, орнына келтіруге тырысамыз.
- Мұқан Кеңесбекұлы, басшылық қызметке келе сала аурухана, емханаларды күн-түн демей ескертусіз аралап, қызметкерлеріңізді аяқтан тік тұрғызғаныңызды білеміз. Кейбір медицина қызметкерлерінен «үстіне спорттық киім киіп алған Егізбаевты кім таныпты?» дегенді естідік...
- (күліп) Мен қай ауруханаға немесе емханаға барсам да ескертпей барамын. Ескертіп қойсаң болды ғой, не болатыны белгілі. Жасандылық, дайындалып қояды. Ал мен аяқ асты шешім қабылдап, келуші халықтың арасына қосылып, медицина мамандарының жұмысын бақылап тұрамын.
Рас, бақылап жүргенімде кейбір қызмметкерімнің себепсізден себепсіз науқасты қабылдамай, дөрекі сөйлеген сәттері болды. Әрине, ондайлардың басынан ешкім сипамайды, жұмыстарынан босады.
Медицина маманы кез келген уақытта өзінің міндетіне дайын болу керек. Мен келеді деп бүкіл айналаны айнадай етіп тазалап, жұмысты жай «показуха» үшін жасайтын болса, не керегі бар оның?   
- Сізді тым қатал басшы дейді. Естуімізше, кейбір қызметкерлеріңіз сізді көрсе, қобалжып, тіпті үрей пайда болады екен...
- Қорқатыны туралы сіздерден бірінші рет естіп тұрмын. Мен тәртіпті жақсы көремін. Кез келген қызметкер жұмыс уақыты ма, орнында отыруы керек. Ал жұмыс кезінде той тойлап, басқа жаққа демалып кетті ме немесе ішіп кетті ме, ондайларды шығарып саламын. Себебі үкіметтен жалақы алып отырған соң міндетін адал атқару керек.
- Сонда жұмыс уақытында ішімдік ішіп, той-томалақтатып кететіндер де бар ма?
- Болған, бұл қызметте отырған кезімде емес. Облыстық клиникалық ауруханада бас дәрігер болған кезімде орын алған.
- Әріптестеріңізге айтар тілек-кеңесіңізге болса, мархабат...
- Ортақ мерекеміз құтты болсын! Біздің жұмысымыз өте ауыр. Елдің барлығы той тойлап, демалып жүргенде бізде дамалыс та, мейрам да болмайды. Жауапкерішілігі мол осынау жұмыста абыройлы қызмет тілеймін. Осы ретте «Ойбай, Шымкент» деп жамандай беретіндерге айтарым, бізде ең ақылды, ең білікті мамандар істейді. Әрине, мұнымен біз мақтанамыз.
- Сұхбатыңызға рахмет!

Читать польностью: https://www.nur.kz/kk/1527515-oqo-bas-da...

Самые важные новости дня с facebook & twitter


Похожие новости

Қарағандыда абақты қызметкері сотталушыларды кездестіргені үшін жазаға тартылды 0 0 0
Биыл Ленгер қаласында 480 пәтер пайдалануға берілмек 0 0 0
«100 жаңа есім» жобасына Қанат Ислам, Димаш, Головкин және Жансая Әбдімәлік секілді тұлғалар енуі керек - Дәурен Абаев 0 0 0
Петропавлда көшелер мен аулаларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр 0 0 0
Ақтөбеде шымкенттік нөмір таққан кабриолет жүр 0 0 0
Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу: Қытайда қазақтың атақты байына арналған ерекше музей бар 0 0 0
Қыз алып қашып, басы дауға қалған жігіт екі-үш күнде тұрмысқа шығатын қыз іздеп жүр 107 107 666
Атырауда 13 жастағы баланы ит талап тастады 0 0 666
Қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс елімізде ет қымбаттап кетті 0 0 666
Тура жолдан тайған қазақ жігіті Алланың шексіз құдіретін естіп, ислам дініне қайта оралды 0 0 666